2015 жылғы 2 шілде, Астана қаласы
Мақта өңдеу ұйымдарының мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру жүйесіне қатысу қағидаларын бекіту туралы
«Мақта саласын дамыту туралы» 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 18) тармақшасына сәйкес бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған Мақта өңдеу ұйымдарының мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру жүйесіне қатысу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу және фитосанитариялық қауіпсіздік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі А.МАМЫТБЕКОВ
«КЕЛІСІЛГЕН»
Қазақстан РеспубликасыныңҰлттық экономика
министрі ________________ Е. Досаев
2015 жылғы 21 тамыз
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 2 шілдедегі
№ 4-5/603 бұйрығымен бекітілген
Мақта өңдеу ұйымдарының мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің
орындалуына кепілдік беру жүйесіне қатысу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Мақта өңдеу ұйымдарының мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру жүйесіне қатысу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Мақта саласын дамыту туралы» 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және мақта өңдеу ұйымдарының мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру жүйесіне қатысу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) кепілдік берілген мақта көлемі – қайтару жөніндегі жауапкершілікке қор кепілдік беретін, қор әрбір қатысушы бойынша белгілейтін мақта көлемі;
2) қатысу шарты – қор мен мақта өңдеу ұйымының арасында жасалатын шарт, оның негізінде соңғысы мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру жүйесіне қатысады;
3) қатысушы – қормен қатысу шарты жасалған және қолданылатын, мақта қолхаттарын бере отырып, қойма қызметi жөніндегі қызметтер көрсетуге лицензиясы бар мақта өңдеу ұйымы;
4) мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қоры – өз қызметін мақта өңдеу ұйымдарының өздері берген мақта қолхаттары бойынша міндеттемелерін орындамауынан мақта қолхаттарын ұстаушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асыратын заңды тұлға (бұдан әрі – қор немесе қорлар);
5) мақта өңдеу ұйымының паспорттық қуаттылығы – шитті мақтаны өңдеудің тәуліктік және жылдық көлемін сипаттайтын техникалық құжаттар.
2. Мақта өңдеу ұйымдарының мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің
орындалуына кепілдік беру жүйесіне қатысу тәртібі
3. Мақта қолхаттарын бере отырып, қойма қызметi жөніндегі қызметтер көрсетуге лицензиясы бар мақта өңдеу ұйымы қорға (қорларға) қатысу үшiн еркін нысанда қорға (қорларға) өтiнiш бередi және мынадай құжаттарды қоса бередi:
1) жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалық салулар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама;
2) мақта өңдеу ұйымы жарғысының көшірмесі (түпнұсқасы салыстырып тексеру үшін көрсетіледі);
3) құрылтайшылардың құрамы туралы құрылтай шартынан үзінді-көшірме немесе қорға өтініш беретін күнге дейін кемінде он күн бұрын тіркеуші берген бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдері жүйесінде бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке шотынан үзінді-көшірме;
4) мақта қолхаттарын бере отырып, қойма қызметi жөніндегі қызметтер көрсетуге лицензияның көшiрмесi (түпнұсқасы салыстырып тексеру үшін көрсетіледі);
5) мақта өңдеу ұйымының біліктілік талаптарына сәйкестігі және шитті мақтаның жаңа өнімін қабылдауға әзірлігі мәніне жүргізілетін жыл сайынғы тексеріс туралы жергілікті атқарушы орган актісінің көшірмесі (түпнұсқасы салыстырып тексеру үшін көрсетіледі);
6) өткен жылға және соңғы есепті күнге бухгалтерлік теңгерімнің және қаржы-шаруашылық қызмет туралы есептің мақта өңдеу ұйымының мөрімен куәландырылған көшірмелері;
7) мақта өңдеу ұйымының өткен есепті жылғы жылдық қаржылық есептілігінің шынайылығын растайтын аудиторлық қорытындының көшірмесі (түпнұсқасы салыстырып тексеру үшін көрсетіледі);
8) мақта өңдеу ұйымы өтініш берген күннің алдындағы үш айдан астам мерзімге банктің алдында мерзімі өткен берешегінің жоқ екендігі туралы банктің мөрі басылған, бірінші басшының немесе қол қою құқығы бар адамның және бас бухгалтердің қолы қойылған банктің анықтамасы. Егер мақта өңдеу ұйымы бірнеше екінші деңгейдегі банктің немесе филиалдың, сондай-ақ шетелдік банктің клиенті болған жағдайда, бұл анықтама осындай банктердің әрқайсысынан ұсынылады;
9) Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2008 жылғы 29 желтоқсандағы № 622 бұйрығымен бекітілген дербес шоттарды жүргізу ережелерінің (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5446 болып тіркелген) 20-тармағына сәйкес салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешектерінің жоқ екені туралы мәліметтер (төлеу мерзімі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұзартылған жағдайларды қоспағанда), немесе конкурс жарияланған күннен кеш емес бір теңгеден кем емес салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешектерінің бар екені туралы анықтамасының көшірмесі;
10) қатысу шартының көшірмесі және кепілдік берілген мақтаның көлемі туралы мәліметтер (егер мақта өңдеу ұйымы мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беретін басқа қорлардың қатысушысы болса);
11) қорға кепілдік берілген мақта көлемін анықтау үшін қажетті өзге құжаттар.
4. Қор (қорлар) өтінішті және осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген құжаттарды алғаннан кейін, мақта өңдеу ұйымының өтінішін осы қорға қатысушылардың құрамына енгізу және кепілдік берілген мақтаның көлемін анықтау мәніне қарайды.
Мақта өңдеу ұйымының өтінішін қордың қарау мерзімі жиырма күнтізбелік күннен аспауы керек.
5. Мақта өңдеу ұйымының мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру жүйесіне қатысуы қордың мақта өңдеу ұйымын қорға қатысушылардың қатарына қосу туралы шешімдеріне сәйкес жасалған қатысу шарттарының негізінде жүзеге асырылады.
Қордың қатысушымен қатысу шартын жасасу мерзімі қордың мақта өңдеу ұйымын қорға қатысушылардың қатарына қосу туралы шешімі қабылданғаннан кейін күнтізбелік жеті күннен аспайды.
6. Мақта өңдеу ұйымын қорға қатысушылардың қатарына қосқан кезде, қор мақта өңдеу ұйымының паспорттық қуаттылығын, нақты толтырылған көлемін, басқа қор (қорлар) кепілдік берген мақтаның көлемі туралы мәліметтерді ескере отырып (мақта өңдеу ұйымы басқа да қорларға қатысқан жағдайда) анықталатын кепілдік берілген мақтаның көлемін белгілейді.
7. Мақта өңдеу ұйымының қорға қатысуы қор беретін қатысушы куәлігімен расталады.
Мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру жүйесіне қатысу туралы куәлікті ауыстыру қатысушының атауы өзгерген жағдайда қатысушыдан лицензияның қайта тіркелуін және қайта ресімделуін растайтын құжаттарды алған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
Мақта өңдеу ұйымын қорға қатысушылардың құрамынан шығарған жағдайда, мақта өңдеу ұйымы қор берген куәлікті үш жұмыс күні ішінде оған қайтарады.
8. Мақта қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру жүйесіне қатысу үшін қатысушы қорға (қорларға) қатысу шартында айқындалатын жыл сайынғы міндетті жарналарды төлейді.
9. Қор өзінің қатысушыларының тізілімін жүргізеді және кепілдік берілген мақтаның көлемін көрсете отырып, қатысушылар туралы ақпараттың республикалық мерзімді баспа басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде жыл сайынғы жариялануын қамтамасыз етеді.
10. Қатысушының қорға (қорларға) қатысуы төменде санамаланған жағдайлардың біреуі болғанда тоқтатылады:
1) қормен жасалған қатысу шарты бұзылғанда;
2) соттың шешімі бойынша;
3) қатысу шарты тараптарының бірі жойылғанда.
Мақта өңдеу ұйымының қорға қатысуы тоқтатылған күннен бастап отыз күннің ішінде қор тиісті ақпараттың республикалық мерзімді баспа басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялануын қамтамасыз етеді.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 22 қыркүйекте Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №12093 болып енгізілді.